ұлттық
және ат спорты
түрлері орталығы
Жаңалықтар
Көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының ХХІІІ чемпионаты басталды.
Көкпар
Көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының ХХІІІ чемпионаты басталды.

Қызылорда қаласының атшабарында бастауын алған дүбірлі дода 21 сәуір мен 30 сәуір аралығында болады. Оған Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау облыстарының құрама командалары мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Қарулы күштері орталық армия (ЦСКА) клубы және Астана, Шымкент қаласының командалары қатысып жатыр. Командалар топқа бөлінді.

1-топ: Ұлытау облысы, Қостанай облысы, Орталық армия клубы (ЦСКА), Атырау облысы

2-топ: Астана қаласы, Алматы облысы, Қарағанды облысы, Маңғыстау облысы

3-топ: Түркістан облысы, Ақмола облысы, СҚО, Шымкент қаласы

4-топ: Абай облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы

8dc08677-2de4-43df-99ba-5bd8b7a1071f (1).jfif

Топтағы командалар бір-бірімен айналмалы жүйе арқылы алғашқы орынға таласады. Әр топтан бірінші орынмен шыққан командалар жартылай финалдық кезеңге өтеді.

Жарыстың алғашқы күні 8 ойын өтті. Нәтижесі:

Ұлытау облысы 0 – 11 Қостанай облысы

Орталық армия клубы (ЦСКА) 3 – 4 Атырау облысы

Астана қаласы 3 – 6 Алматы облысы

Қарағанды облысы 2 – 6 Маңғыстау облысы

Түркістан облысы 11 – 2 Ақмола облысы

СҚО 2 – 6 Шымкент қаласы

Абай облысы 0 – 6 Жетісу облысы

Жамбыл облысы 5 – 2 Қызылорда облысы.

Естеріңізге сала кетейік, көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ ҚР чемпионаты Қызылорда қаласындағы ипподромда 30 сәуірге дейін болады.

4bdae5e7-1dd0-4760-916a-6074bddf6964.jfif

ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ
Жамбы ату
ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

Шымкент шаһарында сәуір айының 14-18 аралығында сары құрлықтың 14 елінен 60-қа жуық спортшы қатысқан Жамбы атудан Азия чемпионаты аяқталды. Ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Шымкент қалалық әкімдігі, Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен Азиялық жамбы ату федерациясының ұйымдастыруымен өтті!

Жарыстың жабылу салтанатында Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Барменов Ермек Аманжолұлы, Шымкент қалалық ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубының директоры Мыңбаев Данияр Бақтиярұлы және Азия Жамбы ату федерациясының бас директоры Исағұл Елнұр Қожағұлұлы құттықтау сөз сөйледі.

Құттықтау сөзден кейін Азия жамбы ату федерациясының бас директоры Елнұр Қожағұлұлы, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасы спортшыларына берген жамбы ату спортына қосқан үлесі үшін атты алғыс хатымен марапаттады. Артынша, жаңадан құрылған Азия жамбы ату федерациясының бас директоры, Азия елдерінің федерация өкілдеріне мүшелікке енгені туралы сертификат табыстады. Мүшелікке Ресей Федерациясы, Индонезия, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан жамбы ату федерациялары енді.

5 күнге созылған дүбірлі доданың алғашқы күні жамбышылар «Мажар» стилі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде:

3-орынды Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Ералхан АЙКӨЗ иеленіп, 200.000 теңгені алса, күміс жүлдемен қатар 300.000 теңгені қазақстандық Батыр БЕКСАУЫТ алды.

Бас жүлде, бірінші орынды Шымкент қаласына арнайы екі апта бұрын келіп дайындығын шыңдаған Сауд Арабиясының спортшысы Хишам АЛИ АЛЬ-ТАМИМИ иеленді. Онымен қоса оған 500.000 тг сертификат табысталды.

Жарыстың 2-күні спортшылар «Азия» стилі бойынша таласқа түсті. «Азия» стилінің жүлдегерлері:

3-орын Ералхан АЙКӨЗ, Қазақстан (200.000 тг)

2-орын Нұрсұлтан БІРЛІКБАЕВ, Қазақстан (300.000 тг),

ал 1-орынды тағы да Сауд Арабиясының споршысы Хишам АЛИ АЛЬ-ТАМИМИ 500.000 тг жүлдесімен қоса, алтыннан алқа тақты.

«Түркі» стилінің алтын медалі үшін спортшылар жарыстың үшінші күнінде таласты.

Бұл жолы қоланы мойнына ілген Индонезиялық Арса Уенинг Арросияд болды. Онымен қоса 200.000 тг ақшалай сыйлық алды.

Өткен екі стиль бойынша өте жақсы нәтиже көрсеткен Сауд Арабиялықтар бұл жолы күмісті місе тұтты. Ракан аль МУБАРАК күміс медаль мен 300.000 тг сыйлықақыны елдеріне алып кетті.

Ал Азия чемпионатында әнұранымызды шырқатқан - Батыр Бексауыт! 50.40 ұпаймен «Түркі» стилі бойынша өзін өте жақсы қырынан көрсетті. Бұған дейін «Мажар» стилі бойынша екінші орын алған Батырымыз, бұл жолы алтыннан алқа тағып, бас жүлде 500.000 теңгені иеленді.

Жарыстың соңғы күні 18 сәуір спортшылар «Жамбы» стилі бойынша бақ сынады. Қазақ стилі бойынша 3-орынды жүлдегерлер арасынан көрінген жалғыз ару Ресей Федерациясының намысын қорғаған Любовь Морокаға бұйырды.

2-орынды Моңғолия құрамасының мүшесі Otgon-Uzil Battulga иеленді. Күміспен қоса, еліне 300.000 теңгені алып кетті.

Ал, бас жүлде тағы да Сауд Арабиялықтарға кетті. Бұл жолы Bader Ali R Al-Tamimi қарсылас шақ келтірмеді. 67.22 ұпаймен алтынды да, 500.000 теңгені де иеленді.

Барлық стилдер бойынша жүлдеге ілінген 9 спортшы арасында жамбы ату спортының сәні саналатын «Тайтұяқ» жүлдесі сарапқа салынды. 2000 АҚШ долларға бағаланған бұл жүлде, өкінішке қарай ешкімге бұйырмады. Спортшылар қанша тырысса да, «тайтұяқ» ілінген қылды үзіп түсе алмады. Иесіз қалған жүлде жамбы ату федерациясында иелігінде қала берді.

Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде ипподромға жиналған көрермендер үшін Шымкент қаласының әншілері өзінің өнерін паш етті. Үзіліс арасында көрермен арасында тегін ұтыс ойындары өткізіліп, бағалы тұрмыстық техникалар мен соңғы үлгідегі екі iPhone 15 смартфоны ойнатылды. Чемпионатта тек спортшылар ғана емес, 20-ға жуық көрермен де жүлдемен қайтты.

Осылайша, Шымкентте өткен 5 күндік Азия чемпионаты тарих беттерінде ерекше ізі қалмақ. Алтын әріптермен жазылатын бұл оқиға - біздің ортақ жеңісіміз, ұлттық спорттың жеңісі!

Байланыс:

Райымбек + 7 701 707 07 17

Дана +7 775 899 07 97

АЗИЯ ЖАМБЫ АТУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Жамбы ату
АЗИЯ ЖАМБЫ АТУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Сәуір айының 14 күні Шымкент қаласында Азия жамбы ату федерациясының алғашқы конференциясы өтті. Бұл конференция 14-18 аралығында Шымкент қаласында өтетін жамбы атудан ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты қарсаңында болды. Конференцияда сары құрлықтың 10-нан аса федерациясы Азиялық федерацияның мүшелігіне енді.

Мүшелікке ену отырысы Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Тайланд, Моңғолия, Сауд Арабиясы және Қазақстан жамбы ату федерация өкілдерінің қатысуымен өтті. Алғы сөз конференция модераторы, Қазақстан Республикасы жамбы ату федерациясының вице-президенті Бақдәулет Маратұлының Азия жамбы ату федерациясының алдағы 5 жылдық жұмыс жоспарының таныстырылым сөзімен басталды.

WhatsApp Image 2024-04-19 at 13.33.02.jpeg

Бақдәулет Маратұлы, ҚР жамбы ату федерациясының вице-президенті:

- Тарих беттерінде айрықша із қалдыратын, ерекше оқиғаға бірге куә болып отырғанымызға қуаныштымын. Бүгін бас қосуымыздың басты себебі 2024 жылы құрылған Азия жамбы ату федерациясының басшылық құрамын дауыс беру арқылы анықтау. Және алдағы 5 жылдық жоспарымызды ұсынып, ақылдасу.

Бақдәулет Маратұлының ұсынысымен Азия жамбы ату федерациясының президенті лауазымына ҚР жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Сайдуллаұлы ұсынылды. Бұл ұсынысты барлық федерация өкілдері бірауыздан мақұлдады.

WhatsApp Image 2024-04-19 at 13.33.01.jpeg

Азия федерациясының вице-президентіне Қытай Халық Республикасының өкілі Джанг Ли сайланып, федерацияның бас төрешісі қызметіне Оңтүстік Африкалық Амали Рачке сайланды.

Ресми кездесудің жалғасы жамбы ату спортының әлемдегі даму қарқыны жайында болды. Сөз кезегін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев алып, ел астанасында қыркүйектің 8-14 аралығында өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоспарымен таныстырды.

Ат үстінде садақ атудан Азия федерациясының басты мақсаты жамбы атуды 2030 жылы Дохада өтетін жазғы Азия ойындарының қатарына ену. Жиынға қатысушылар осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге келісті. Енді жамбы атудан жыл сайын дәстүрлі түрде Азия чемпионаты, Азия кубогі және халықаралық турнирлер өткізілетін болды. Ұлттық спортымызды халықаралық аренада дамытуға қызығушылық танытқан елдердің көп болуы бұл баршамыздың ортақ жеңісіміз.

Естеріңізге сала кетейік 15-18 сәуір күндері Шымкент қаласының ипподромында өтеді.

Байланыс:

Райымбек + 7 701 707 07 17

Дана +7 775 899 07 97

WhatsApp Image 2024-04-19 at 13.33.00 (2).jpeg
ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ
Жамбы ату
ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

Сәуір айының 14-19 аралығында Шымкент қаласында ересектер арасында тұңғыш Азия чемпионаты өтеді.

Чемпионатты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Шымкент

қаласының әкімдігі, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, ҚР Жамбы ату федерациясының қолдауымен Азиялық жамбы ату федерациясы ұйымдастыруда.

Бас демеуші - «Самұрық-Қазына» қоры

Бас серіктес- «Alageum electric» компаниясы

Ақпараттық серіктес- Qazsport телеарнасы

Демеуші – «Спорт қоры» спортты қолдау қоры

WhatsApp Image 2024-04-12 at 19.38.52 (1).jpeg

Чемпионатта сары құрлықтың 14 мемлекетінен келген 60 спортшы 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стилдері) бойынша жарысқа түседі.

Қатысушы мемлекеттер: Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиланд және Қазақстан.

Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы:

1. Ералхан Айкөз - 1998 жылы 5 маусында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 ж. Тегерандағы XVI әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері

2. Батыр Бексауыт - 2001 жылдың 8 тамызында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Жастар арасындағы ҚР чемпионатында- 1 орын

3. Айтбек Сарыбай – 1998 жылы 30 қаңтарда, Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2019 ж. Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының Жеңімпазы және қола жүлдегері

4. Абзал Тұлыбеков – 1996 жылы 31 қазанда Алматы облысында дүниеге келдген. 2018 ж Жамбы атудан Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

5. Нұрсұлтан Бірлікбаев - 2004 жылы 14 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Монғолия Әлем чемпионатында Аңшылық трек бойынша 3-орын алды.

6. Ақаділ Пернебай – 2005 жылы 17 қазан күні Қызылорда облысында дүниеге келген, 2023ж. Монғолияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Бас бапкер: Елдос Бадашев

WhatsApp Image 2024-04-12 at 19.38.52.jpeg

Федерация көрермендерді ұлттық спортқа тарту мақсатында жарысқа келген қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұтыс ойындарын ұйымдастыруда. Көрермен тек жарысқа келсе болғаны. Шымкент қалалық ипподромға (Алматы тас жолы 21/24) келген жандарға билет беріліп, 5 күн бойы жарыс арасындағы үзілістерде бағалы сыйлықтар ойнатылады. Билеттер тегін беріледі. Басты сыйлық бағалы смартфондар.

WhatsApp Image 2024-04-12 at 19.38.53.jpeg

Жарыс бағдарламасына сәйкес 14-сәуір күні 10:00 де Азиялық жамбы ату федерациясының конференциясы өтеді. Конференцияда сары құрлықтың 10-нан аса федерациясы Азиялық федерацияның мүшелігіне енеді. Және алдағы нақты жоспарлар бекітіледі. Конференцияның модераторы – федерация Президенті Еркебұлан Ілиясов.

Және осы күні кешкі сағат 17:00-де чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

15-сәуір мажар стилі, 16-сәуір азия стилі, 17-сәуір түркі стилі, 18-сәуір жамбы стилі бойынша жарыс болады. Соңғы жарыс күні «Тайтұяқ» жүлдесі үшін жеңімпаздар мен жүлдегерлер сынға түседі. Сондай-ақ, марапаттау рәсімі болады. Ал, 19-сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасайды.

Контакты

Райымбек + 7 701 707 07 17

Дана +7 775 899 07 97

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысын талқылады
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысын талқылады

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының кеңейтілген жиыны барысында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына (ДКО) дайындық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, спортшылардың және жарыстар өтетін Астана қаласындағы инфрақұрылымдық нысандарының дайындық деңгейі және ұлттық спорт түрлері бойынша федерациялар қызметінің жалпы мәселелері қаралды.

Жиынға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, 5-ші ДКО өткізу жөніндегі қалалық штабтың басшысы Ерлан Каналимов, Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, ДКО-на дайындық дирекциясының басшылығы, сондай-ақ республикалық федерациялардың басшылары, ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік және бас жаттықтырушылар қатысты.

TMEF3495.jpg

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ұлттық құрама спортшылары мен төрешілер құрамын дайындауға баса көңіл бөлінуі керек екенін атап өтті.

«Қауымдастық Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясымен бірлесіп Астанада ДКО-на төрелік ететін төрешілердің санын анықтау, оларды дайындау және сертификаттау жұмысын қолға алады. Бұл қазақстандық төрешілерге халықаралық дәреже алуға мүмкіндік береді. Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына төрелік ету үшін 360-қа жуық маман жұмылдырылады. Сонымен қатар, Қауымдастық құрамына кіретін ұлттық спорттың әрбір түрі бойынша жарыстарды сапалы өткізу мақсатында ұйымдастыру топтары құрылады», - деді Қауымдастық басшысы.

TMEF3568.jpg

Өз кезегінде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

«Ұлттық спортымыз еліміздің брендіне айналды. Қазір елімізде ұлттық спорт түрлері бойынша 11 спорт ресми тіркелді. 2023 жылы спортшыларымыз халықаралық жарыстарда 39 – алтын, 24 – күміс, 18 қола медальға ие болды. Статистикалық деректерге сүйенсек, 619 мың адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады», - деді вице-министр.

Дүбірлі доданы өткізуге елордадағы нысандардың дайындығы туралы 5-ші ДКО өткізу жөніндегі қалалық штаб басшысы Ерлан Каналимов баяндады. Оның айтуынша, ойындарды өткізу үшін 8 нысан анықталып, олардың үшеуіне қатысты жолдарды қайта жаңарту, салу, қауіпсіздік мәселелерін реттеу, абаттандыру, қаланы тақырыптық безендіру сияқты бағыттар бойынша жұмыстар басталды.

TMEF4830.jpg

«Тұран даңғылымен қосылатын ипподром мен этноауыл арасында логистиканы ұйымдастыру үшін тиісті инфрақұрылымы бар ұзындығы 2 км болатын 4 жолақты жол салу және қаланың магистральдық көшелерін жөндеу орташа жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибені ескере отырып, кептелісті болдырмау үшін ойындар өтетін 8 нысанға қатынайтын 100 шаттл-басс іске қосу көзделіп отыр», - деді қалалық штаб басшысы.

Сондай-ақ, жиын барысында Ұлттық спорт қауымдастығына кіретін барлық спорт федерацияларының басшылары мен жаттықтырушылар 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, 2024 жылғы жоспарларымен бөлісті. Олар әр спорт түрі бойынша ұлттық құраманың 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығына егжей-тегжейлі тоқталды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамында «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялары бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАДЫ: ҰЛТТЫҚ СПОРТ БОЙЫНША АЙМАҚТАРДЫҢ РЕЙТИНГІ ШЫҚТЫ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАДЫ: ҰЛТТЫҚ СПОРТ БОЙЫНША АЙМАҚТАРДЫҢ РЕЙТИНГІ ШЫҚТЫ

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы 2023-жылдың қорытындысы бойынша аймақтардың рейтингін жариялады. Биыл ұлттық спортты жанына серік еткендер 11 спорт түрінен сайысқа түсті. Жыл басынан бастап ұлттық спорт түрінен жекелеген ішкі чемпионаттар, кубок бәсекелері, ұлттық спорт фестивалі, халықаралық жарыстар мен әлемдік додалар өтті. Бір жылдың қорытындысы бойынша 17 облыс пен 3 қаланың арасынан Түркістан облысы үздік атанды. Оңтүстік спортшылары биылғы жарыстарда жалпы саны 58 алтын, 52 күміс, 65 қола жүлдемен көш бастады. Оның 13 алтынын түркістандықтар қазақ күресінен еншілеп, рекордтық көрсеткішті тіркеді. Аймақ өкілдері ұлттық спорттың дамуын жүйелі жолға қойған. «Қазіргі таңда Түркістан облысында 7 облыстық, 23 аудандық және 7 қалалық спорт мекемелерінде ұлттық спорт түрлерінен бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт мектептеріндегі регламенттің сақталуын қадағалап, жаттықтырушылар мен әдіскерлерге оқу-жаттығу сабақтарына әрдайым әдістемелік көмек көрсетеді. 2023 жылы ұлттық спорт түрлерінен жарыс ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, аударыспақтан бұрын 8 салмақ дәрежесінде жарыс өтсе, биылғы жылы 9 салмақ дәрежесінде өтті, сондай-ақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бұрын 3 стиль бойынша 1 ғана спортшы қатысатын, биылғы жылы 3 стильге 3 спортшы қатыса алатын мүмкіндік туды. Қатысушылар саны көбейді. Нәтижесінде спортшыларымыз тамаша өнер көрсетіп, еліміздегі ұлттық спорт түрлерінен ең үздік өңір екенін дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді».-деді Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жолдықарев Қанат Жарылқапұлы.

ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметінің хабары бойынша биылғы рейтінгте екінші орынды Астана қаласы иеленді. Елордалықтар биылғы жарыстардан 24 алтын, 19 күміс, 28 қола жүлде еншіледі. Әсіресе астаналық дәстүрлі садақ атушылар алдына жан салмады. Ал үздік үштікті Шымкент қаласының спортшылар түйіндеді. Мегаполис намысын қорғаған оғландар биыл 24-алтын,19- күміс, 20-қола жеңіп алған. Бұл аймақта да қазақ күресі жолға қойылған. 24 алтынның 11-і қазақ күресінің балуандарына тиесілі.

Өкінішке қарай, ұлттық спортты әлі де дамытуды қажет ететін аймақтар бар. Әсіресе, Қостанай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының нәтижелері төмен.

«Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі биылдың өзінде біздің спортшылар халықаралық ареналардағы жарыстардан 35 алтын еншіледі. Қазір орталыққа қарайтын 11 спорт түрі бар. Әрқайсысының дамуы жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар оларды заманауи талаптарға сай қылу мақсатында соңғы үлгідегі технологияларды да қосып жатырмыз. Біз жыл сайын ұлттық спорттағы үздік өңірлерді анықтап отырамыз. Өздеріңіз білетіндей бұл жағынан еліміздің оңтүстік аймағы алда тұр. Әсіресе Түркістан облысы өзгелерден көш ілгері. Мұның барлығы аймақтағы спортқа жауапты мамандардың, спорт басқармасының жүйелі жұмысының арқасы. Сонымен қатар, соңғы жылдары елордамыз Астана қаласы қарқынды дамудың жолына түскен. Бұл өңірде асық ату, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік және қазақ күресінің өкілдері алда келеді. Дегенмен, ат спортына қатысты мәселелер бар. Бұл алдағы уақыттың еншісінде шешілетін дүние деп есептеймін. Бұйырса барлық нәтиженің қорытындысын келер жылы өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көреміз» - дейді ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Ұлттық спорттың биылға жоспарланған шаралары толығымен аяқталды. Енді алдағы жылдың басынан бастап әр спорт түрінен ішкі біріншіліктер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ұлттық құрама мүшелері халықаралық жарыстарға қатысып ел намысын қорғайды. Ең маңызды додада – келер жылы елордада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді.

ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕТІН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ СПОРТТЫҚ, МӘДЕНИ БАҒДАРЛАМАСЫ, РЕСМИ ЛОГОТИПІ ҰРАНСӨЗІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕТІН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ СПОРТТЫҚ, МӘДЕНИ БАҒДАРЛАМАСЫ, РЕСМИ ЛОГОТИПІ ҰРАНСӨЗІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен басқосуға ҚР Туризм және спорт министрі, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Ермек Маржықпаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров қатысты. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған мен Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев видеоконференцбайланыс арқылы қосылып, пікірлерін ортаға салды.

2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Бұл нағыз этноспорттың олимпиадасы болмақ.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен, еліміз келесі жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде, елімізде өтетін Көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін Ұйымдастыру комитеті бар күшін салады»,- деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.

ҚР туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Көшпенділер ойындары өтетін нысандардың инфрақұрылымы мен дайындық барысына да тоқталды. Министр ұлттық спорт түрлері мен этникалық туризмге қызығушылық танытқан барлық саяхатшыға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалатынын айта келе, көшпенділер ойындары кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келетінін жеткізді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.

«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері, жамбы ату мен дәстүрлі садақ ату жарыстары өтеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтеді.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған. Қазір «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады. «Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны» сарайында да жөндеу жұмыстары басталды.

Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады. «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалады.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде Ұлттық музейде Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі.

Жиында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров пен бренд-дизайн сарапшысы Серік Марксұлы жарыстың логотипі мен ұрансөзін таныстырды.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны - «ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ».

Логотип формасы сопақшаға жақын шеңбер. Онда күнбасты салт атты бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған. Логотип түсі көшпенділердің материалдық әлемінен (дүниетанымынан) алынған.

Осы орайда көшпенділер ойындарына Ұлттық және ат спорты орталығының дайындығын тілге тиек етейік. Орталықтың құрамында 11 спорт түрі бар. Тиісінше көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінен де ұлттық құрамалардың дайындығын пысықтайтын орталық бапкерлері. Қазірден қызу дайындықтар жүргізіліп жатыр. Халықаралық жарыстар, оқу-жаттығу жиындары соның дәлелі.

Бағдәулет Сәбитов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры:

«Көшпенділер ойындарының біздің елде өтуі төл спортымызды дамытудың, елімізді танытудың бірден-бір жолы. Оның үстіне келер жылы өтетін көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына халықаралық дәрежедегі спорт шебері (ХДСШ) атағы беріледі. Бұған дейін көшпенділер ойындарына мұндай атақ берілмеген. Көшпенділер ойындары ресми жарысқа айналса, ұлттық спортпен айналысатын жастардың да саны артады. Себебі, халықаралық дәрежедегі атақтар спортшының алатын жалақысына, жергілікті әкімдіктерден берілетін степендияларға әсер етеді. Жағдайы жасалса, сапалы спортшылар да көп болары белгілі ғой. Көшпенділер ойындары тек спорттық шара емес. Сонымен қатар мәдени және ғылыми кеңестер өткізетін таптырмас алаң. Көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым бағытында жасалады. Көшпенді халықтардың өркениеті, спорттық ойындарының, тұрмыс-тіршілігінің шығу тарихы, филасофиясы талқыланады. Терең ғылыми жұмыстар таныстырылады. Және жаңалықтар әлем халықтарына таратылады. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы туризмнің дамуына үлес қосады. Рас, өткізуші ел ретінде басымдықтар мол. V Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген 20-дан аса спорттың тең жартысы бізге тиесілі. Бүкіл ұлттың ойындары сарапқа салынып, әлем халқының алдына жол тартар тұста мұқият болғанымыз абзал. Сондықтан, әр тұстан менмұндаламай, бір болып жұмылғанымыз дұрыс».

СОСТОЯЛСЯ XXII ЧЕМПИОНАТ КАЗАХСТАНА ПО КОКПАРУ
Көкпар
СОСТОЯЛСЯ XXII ЧЕМПИОНАТ КАЗАХСТАНА ПО КОКПАРУ

В Таразе завершился XXII чемпионат страны по кокпару. Чемпионом стала команда «Аулиеата», в которой приняли участие 171 наездника из 15 регионов страны. Таким образом, хозяева поля стали 13-кратными чемпионами Казахстана. Плод честного труда проявляется в игре. Стоит также отметить стремительное развитие кокпара Костанайской области. Ранее команда данной области не выходила в финал. Костанайцы, занявшие 3-е место на национальном спортивном фестивале в сентябре, поднялись на вторую ступень подиума в Таразе. Команда Туркестанской области в матче за третье место завоевала тройку лидеров, опередив кызылординских наездников. Со стороны Федерации кокпар команде-победительнице были вручены призы в размере 3 000 000, за ІІ место-2 000 000, за ІІІ место-1 000 000 тенге.

Чемпионат проходил 10 дней. Сначала было проведено заседание мандатной комиссии. Были приняты документы команд, все спортсмены прошли проверку. В результате 171 спортсмен получил возможность принять участие в соревнованиях. Заявки 9 спортсменов не были представлены в соревнованиях из-за несоответствия регламента. Команды ЗКО, Абайской области, г. Алматы, ВКО и Акмолинской области вообще не пришли на чемпионат. 15 команд в первые дни соревнований выступили на групповом этапе. Лучшие из 4 групп соответственно вышли в полуфинал. Кызылорда и Костанайская область первыми обыграли путевку финала, а ребята из Аулиеаты и Туркестанской области поборолись за вторую путевку. В итоге костанайцы обыграли кызылординцев, жамбылская команда переиграла Туркестан и встретились в финальном зачете. Из команд, у которых по результатам соревнований были высокие ставки, наездники и лошади отбираются в состав национальной сборной.

Предлагаем вашему вниманию фоторепортаж с чемпионата.

КӨКПАРДАН XXII ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ
Көкпар
КӨКПАРДАН XXII ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

Тараз қаласында көкпардан XXII ел чемпионаты аяқталды. Еліміздің 15 өңірінен 171 шабандоз қатысқан сында “Әулиеата” командасы чемпион атанды. Осылайша алаң иелері 13 дүркін Қазақстан чемпионы болды. Адал еңбектің жемісі ойын барысында көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ, Қостанай көкпарының қарыштап дамығанын байқадық. Бұған дейін аталған облыстың командасы финалға шығып көрмеген. Қыркүйекте өткен ұлттық спорт фестивалінде 3-орын иеленген Қостанайлықтар Таразда жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді. Ал, Түркістан облысының командасы үшінші орын үшін болған ойында Қызылордалық шабандоздардан басым түсіп, үздік үштікті түйіндеді. Көкпар федерациясының тарапынан жеңімпаз командаға 3 000 000, ІІ орынға 2 000 000, ІІІ орын үшін 1 000 000 теңге жүлде табысталды.

Чемпионат 10 күн өтті. Әуелі мандаттық комиссия отырыс болды. Командалардың құжаттарын қабылдап, барлық спортшы тексеруден өткізілді. Нәтижесінде 171 спортшы жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. 9 спортшының өтініші регламентке сай келмегендіктен жарысқа қатыстырылған жоқ. БҚО, Абай, Алматы қаласы, ШҚО, Ақмола облысының командалары чемпионатқа мүлде келген жоқ. 15 команда жарыстың алғашқы күндері топтық кезеңде өнер көрсетті. 4 топтың үздіктері тиісінше жартылай финалға жолдама алды. Қызылорда мен Қостанай облысы финалдың жолдамасын бірінші сарапқа салса, Әулиеата мен Түркістан облысының жігіттері екінші жолдамаға таласты. Нәтижесінде Қостанай Қызылордалықтарды ұтып, Жамбыл жігіттері Түркістаннан айласын асырып, финалдық сында жолықты. Жарыс нәтижесі бойынша бәстері жоғары болған командалардың ішінен іріктеліп шабандоз бен аттарды ұлттық құрама сапына қосылады.

Чемпионаттан фоторепортажды назарларыңызға ұсынамыз.

ТАҒАЙЫНДАУ
Көкпар
ТАҒАЙЫНДАУ

Көкпардан аты аңызға айналған шабандоз, білікті бапкер Ақылбай Манкеев барлық жас ерекшеліктері бойынша (жасөспірімдер, жастар, ересектер) ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды.

Ақылбай Өткелбайұлы 1978 жылы қыркүйектің 9-жұлдызында Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Кеңесарық ауылында дүниеге келген. Шымкент әлеуметтік- педагогикалық университетін Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмәмдаған. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Көк-бөрішілер қауымдастығының ОҚО филиалына оқытушы-жаттықтырушы қызметіне тағайындалған. 2005 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің «Темірлан» МКҚК-на жаттықтырушы қызметін атқарған. 2007 жылы ОҚО «Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жас өспірімдердің спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің көкпар бөлімінің аға жаттықтырушы болып қызметін жалғастырған. 2017 жылы аталған мекеменің аударыспақ бөлімінің аға жаттықтырушысы, 2018 жылы Қазақстан Республикасы «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК-ның көкпардан жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметіне ауысқан. 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін Түркістан облыстық «Ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінде» аға жаттықтырушы қызметін атқарған.

Көкпардан және аударыспақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Бірнеше дүркін ел чемпионы. Көкпардан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Төлеби ауданының құрметті азаматы.

Ақылбай Өткелбайұлының жаңа қызметіне табыс тілейміз. Келесі жылы Астанада өтетін көшпенділер ойындарында ел құрамасының мерейін үстем ету үшін барын салады деп сенеміз.

ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН VI ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН VI ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ

Астана қаласында 4 қыркүйекте басталған ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі аяқталды. Төрт жыл сайын өтетін ұлттық спорттың басты додасында өңірлер асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша ең мықтыны анықтады.

Фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәжілісінің төрағасы Е.Ж.Қошанов қатысып, спортшыларға сәттілік тілеген болатын.

Ұлттық спорттың 11 түрінен 85 спортшы әкеліп, үздік өнер көрсеткен Түркістан облысы (574 ұпай) жеңімпаз атанды. Екінші орынды Астана қаласы (549 ұпай) алса, үздік үштікті Жамбыл облысы (460 ұпай) түйіндеді.

Асық атудан Павлодар облысы мен Астана қаласы (бес асық), аударыспақтан Ақтөбе облысы, бәйге, жамбы ату, қазақ күресі, теңге ілуден Түркістан облысы, дәстүрлі садақ атудан Астана қаласы, жекпе-жектен СҚО, көкпардан Жамбыл облысы, құсбегіліктен Алматы облысы, тоғызқұмалақтан БҚО (ер) мен Павлодар (әйелдер) облыстарының спортшылары үздік өнер көрсетті.

Фестивальдің бағдарламасына дәстүрлі садақ ату (жерде тұрып садақ ату) спорты тұңғыш рет енгізілген болатын. Сондай-ақ, теңге ілу спортшылары бірінші рет «қос құлаш», «жеті құт», «бес белес» деген үш түрлі дистанцияға бөлініп жарысты.

Бұл шара ҚР Үкіметінің ҚР дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыруға бағытталған.

Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1381 спортшы қатысты.

Аталған жарысты ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ұлттық спорт түрлері федерациялары ұйымдастырды.

Шараның жабылу салтанатында ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VII фестивалінің жалауы Шымкент қаласына табысталды. Ұлттық спорттың келесі ішкі олимпиадасында жаңа рекордтар мен қайта жаңғырған ұлттық спорт түрлері тіркеледі деп сенеміз.