ұлттық
және ат спорты
түрлері орталығы
Жаңалықтар
ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ
Жамбы ату
ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

Шымкент шаһарында сәуір айының 14-18 аралығында сары құрлықтың 14 елінен 60-қа жуық спортшы қатысқан Жамбы атудан Азия чемпионаты аяқталды. Ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Шымкент қалалық әкімдігі, Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен Азиялық жамбы ату федерациясының ұйымдастыруымен өтті!

Жарыстың жабылу салтанатында Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Барменов Ермек Аманжолұлы, Шымкент қалалық ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубының директоры Мыңбаев Данияр Бақтиярұлы және Азия Жамбы ату федерациясының бас директоры Исағұл Елнұр Қожағұлұлы құттықтау сөз сөйледі.

Құттықтау сөзден кейін Азия жамбы ату федерациясының бас директоры Елнұр Қожағұлұлы, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасы спортшыларына берген жамбы ату спортына қосқан үлесі үшін атты алғыс хатымен марапаттады. Артынша, жаңадан құрылған Азия жамбы ату федерациясының бас директоры, Азия елдерінің федерация өкілдеріне мүшелікке енгені туралы сертификат табыстады. Мүшелікке Ресей Федерациясы, Индонезия, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан жамбы ату федерациялары енді.

5 күнге созылған дүбірлі доданың алғашқы күні жамбышылар «Мажар» стилі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде:

3-орынды Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Ералхан АЙКӨЗ иеленіп, 200.000 теңгені алса, күміс жүлдемен қатар 300.000 теңгені қазақстандық Батыр БЕКСАУЫТ алды.

Бас жүлде, бірінші орынды Шымкент қаласына арнайы екі апта бұрын келіп дайындығын шыңдаған Сауд Арабиясының спортшысы Хишам АЛИ АЛЬ-ТАМИМИ иеленді. Онымен қоса оған 500.000 тг сертификат табысталды.

Жарыстың 2-күні спортшылар «Азия» стилі бойынша таласқа түсті. «Азия» стилінің жүлдегерлері:

3-орын Ералхан АЙКӨЗ, Қазақстан (200.000 тг)

2-орын Нұрсұлтан БІРЛІКБАЕВ, Қазақстан (300.000 тг),

ал 1-орынды тағы да Сауд Арабиясының споршысы Хишам АЛИ АЛЬ-ТАМИМИ 500.000 тг жүлдесімен қоса, алтыннан алқа тақты.

«Түркі» стилінің алтын медалі үшін спортшылар жарыстың үшінші күнінде таласты.

Бұл жолы қоланы мойнына ілген Индонезиялық Арса Уенинг Арросияд болды. Онымен қоса 200.000 тг ақшалай сыйлық алды.

Өткен екі стиль бойынша өте жақсы нәтиже көрсеткен Сауд Арабиялықтар бұл жолы күмісті місе тұтты. Ракан аль МУБАРАК күміс медаль мен 300.000 тг сыйлықақыны елдеріне алып кетті.

Ал Азия чемпионатында әнұранымызды шырқатқан - Батыр Бексауыт! 50.40 ұпаймен «Түркі» стилі бойынша өзін өте жақсы қырынан көрсетті. Бұған дейін «Мажар» стилі бойынша екінші орын алған Батырымыз, бұл жолы алтыннан алқа тағып, бас жүлде 500.000 теңгені иеленді.

Жарыстың соңғы күні 18 сәуір спортшылар «Жамбы» стилі бойынша бақ сынады. Қазақ стилі бойынша 3-орынды жүлдегерлер арасынан көрінген жалғыз ару Ресей Федерациясының намысын қорғаған Любовь Морокаға бұйырды.

2-орынды Моңғолия құрамасының мүшесі Otgon-Uzil Battulga иеленді. Күміспен қоса, еліне 300.000 теңгені алып кетті.

Ал, бас жүлде тағы да Сауд Арабиялықтарға кетті. Бұл жолы Bader Ali R Al-Tamimi қарсылас шақ келтірмеді. 67.22 ұпаймен алтынды да, 500.000 теңгені де иеленді.

Барлық стилдер бойынша жүлдеге ілінген 9 спортшы арасында жамбы ату спортының сәні саналатын «Тайтұяқ» жүлдесі сарапқа салынды. 2000 АҚШ долларға бағаланған бұл жүлде, өкінішке қарай ешкімге бұйырмады. Спортшылар қанша тырысса да, «тайтұяқ» ілінген қылды үзіп түсе алмады. Иесіз қалған жүлде жамбы ату федерациясында иелігінде қала берді.

Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде ипподромға жиналған көрермендер үшін Шымкент қаласының әншілері өзінің өнерін паш етті. Үзіліс арасында көрермен арасында тегін ұтыс ойындары өткізіліп, бағалы тұрмыстық техникалар мен соңғы үлгідегі екі iPhone 15 смартфоны ойнатылды. Чемпионатта тек спортшылар ғана емес, 20-ға жуық көрермен де жүлдемен қайтты.

Осылайша, Шымкентте өткен 5 күндік Азия чемпионаты тарих беттерінде ерекше ізі қалмақ. Алтын әріптермен жазылатын бұл оқиға - біздің ортақ жеңісіміз, ұлттық спорттың жеңісі!

Байланыс:

Райымбек + 7 701 707 07 17

Дана +7 775 899 07 97