
Алматы ипподромында бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалдық жарыстары өтті. Еліміздің әр өңірінен келген шабандоздар топ бәйге, құнан бәйге және ұлы аламан бәйге бойынша бақ сынады.
18 шақырымдық топ бәйгеде Жамбыл облысының Мамлүк атты сәйгүлігі топ жарды. Оны Дәулетбай Мейір тізгіндеді. Ал 11 шақырымдық құнан бәйгеде Алматы облысының Сұлуқасқасы жеңіске жетті. Осы қашықтықтағы тағы бір жарыста мәреге бірінші болып Авиация атты тұлпар келді.
Чемпионаттың басты додасы – 35 шақырымдық ұлы аламан бәйгеде Алматы облысының Ақбақай атты сәйгүлігі жеңімпаз атанды. Абумансұр Мержанұлы тізгіндеген тұлпар мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды алматылық Айбатыр иеленсе, үшінші орын Жамбыл облысының Абаданына бұйырды.
Алматыдағы чемпионат ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, еліміздің үздік жүйріктері мен шабандоздарының шеберлігін тағы бір мәрте танытты.
